Әйелдер вагоны тағы 3 бағыт бойынша қатынайды

Динара Амантай

Пилоттық режимде бұл қызмет 2021 жылы енгізілген

Фото: "ҚТЖ" ҰК" АҚ баспасөз қызметі

Әйелдер вагондарына сұраныстың артуына байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ қозғалыс географиясын кеңейтуді жалғастырып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ҚТЖ басасөз қызметінің мәліметінше, әйелдерге арналған вагондар №3/4 «Астана – Алматы», №33/34 «Алматы – Ақтөбе» және №71/72 «Астана – Шымкент» бағытындағы 3 пойыздың құрамына енгізіледі.

Пилоттық режимде бұл қызмет 2021 жылы енгізілген. Әйелдер вагондарындағы қозғалыс жайлылығын бірінші болып №77/78 «Алматы – Маңғыстау» және №351/352 «Алматы – Өскемен» пойыздарының жолаушылары бағалады.

2022 жылдың ақпан айынан бастап компания әйелдер вагондарының санын арттырды. Олар №37/38 «Маңғыстау – Семей», №47/48 «Астана – Атырау» және №45/46 «Павлодар – Түркістан» пойыздарының құрамында жүре бастады.