Әйелдер вагоны тағы 3 бағыт бойынша қатынайды
Пилоттық режимде бұл қызмет 2021 жылы енгізілген
Әйелдер вагондарына сұраныстың артуына байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ қозғалыс географиясын кеңейтуді жалғастырып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ҚТЖ басасөз қызметінің мәліметінше, әйелдерге арналған вагондар №3/4 «Астана – Алматы», №33/34 «Алматы – Ақтөбе» және №71/72 «Астана – Шымкент» бағытындағы 3 пойыздың құрамына енгізіледі.
Пилоттық режимде бұл қызмет 2021 жылы енгізілген. Әйелдер вагондарындағы қозғалыс жайлылығын бірінші болып №77/78 «Алматы – Маңғыстау» және №351/352 «Алматы – Өскемен» пойыздарының жолаушылары бағалады.
2022 жылдың ақпан айынан бастап компания әйелдер вагондарының санын арттырды. Олар №37/38 «Маңғыстау – Семей», №47/48 «Астана – Атырау» және №45/46 «Павлодар – Түркістан» пойыздарының құрамында жүре бастады.