×

«60 бала қатысқан»: Түркістан облысында жаппай төбелес болды

Кикілжіңнің нақты неден шыққаны әзірге белгісіз

 Халық үні 08.06.2023 | 20:56
фото: pixabay.com

Түркістан облысында екі мектептің оқушылары төбелесіп, бір бала ауыр жараланды. Бас сүйегі сынған 9-сынып оқушысы қазір ауруханада жатыр, деп хабарлайды КТК арнасы. 

Телеарна хабарлауынша, 60 шақты бала қатысқан төбелес Құсшы ата ауылында болған.

Кикілжіңнің нақты неден шыққаны әзірге белгісіз. Бірақ тұрғындар жолдың екі бетінде тұратын жастардың бір-бірімен жиі шекісіп қалатынын айтады. Бұл жолы да әлеуметтік желіде бір-біріне балағат айтқан жастар қолына таяқ, тас ұстап көше бойында қырғын салған. Әзірге бір оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалыпты.

Құсшы ата ауылының жартысы Кентау қаласына, қалған бөлігі Сауран ауданына қарайды. Содан болар, жолдың екі бетіне бөлінген оқушылардың ешқашан  басы піспейді екен. Бұл жолы да қолына тигенін ұстаған жастар  көше бойында қырғын салған.

Жаппай төбелес Құсшы ата ауылындағы жолда болған. Жолдың арғы және бергі беті болып бөлінген 60-тан астам бала осы жерде түйісіп, сөзге келместен төбелесе кеткен. Қолына таяқ алып шайқасқан олар соңынан бір-біріне тас жаудырыпты. Жараланғандардың қаны асфальтта әлі жатыр. Төбелестен жақын маңдағы үйлер де бүлінген. Оқушылар лақтырған тас пен бөтелкелер баспаналардың үстінде жатыр.

«Қақпаның астына келсем, тасты қардай боратты. Ол жақ мына жаққа, ана жаққа, екеуі екі жақтан ұрып жатыр. Шиферлерге тиіп жатыр. Одан айқайлап, шыңғырдым. Мені ешкім елемеді, балалар да. Алдындағы қыста да болған. Ол кезде бетперде киіп алып төбелес болды. Тап осы жерде болды. Қазір төртінші рет болуы», – дейді Нұрдиддин Матқасымов.

Бұл жолғы төбелесте 9-сыныптың оқушысы ауыр соққы алып, бас сүйегі сынған. Оны қансыраған күйі достары үйіне жеткізіпті. Асылжанға дәрігерлер жедел ота жасады.

«Баланың басы, оң жақ төбе бөлігі, сүйегі ауыр соққыдан сүйегі шытынап мидың ішіне кірген, бірнеше бөлшекке бөлініп. Бұл жерде миға зақымданған сүйектер, қанталаған жері бөлшектенген сүйектері алынып, мидың қан тамырлары зақымданған», – дейді Кентау ауруханасының бөлім меңгерушісі Асқар Жұмбеков.

Ауылдағы қос мектептің жоғарғы сынып оқушылары осылайша бір-біріне қас жауға айналған. Оларға мектеп басшылары бірнеше рет жиналыс ашқан. Алайда бұл жолғы төбелес түнде болғандықтан, балалардың оспадарлығына жауап бермейміз дейді директор.

«Кикілжіңге не себеп болғаны, телефонда бірбірімен сөзге кеп қалған-ау деймін. Балағаттаған бір-бірін, телефонда сөзге кеп қалған. Сонымен кездесіп, сөйлесеміз деген, сол жерде түнгі сағат 11-ден кейін бір-бірімен ұрысып қалған. Тәртібі жақсы балалар», – дейді Қазыбеков атындағы мектеп директоры Нұржан Қадыров.

«Тәртібі жақсы» деп сипатталған оқушыларды қазір тәртіп сақшылары тергеп жатыр. Тіпті Қазыбеков мектебінің 10-сынып оқушысына қатысты «бұзақылық» бабымен қылмыстық іс қозғалған.

«Жалпы 20 шақты бала болған. 20 шақты бала жеткізілді. Сұрастыру барысында оқиғаның мән жайы анықталып, ұсталған бала қылмысын мойындап, тергептексеру жүріп жатыр. Бір бала ғана. Басын таспен ұрған. 2007 жылы туған бала», – дейді Кентау ПБ бастығы Ерлан Қыдырбаев.

Полицейлер 20 баламен тергеу аяқталмайды деп отыр. Қалған оқушылардан да сұрақ-жауап алынады. Ал жаппай төбелеске қатысқандарды есепке алу мәселесін арнайы комиссия шешеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама