Шектеулер жалға беруші компаниялардың арнайы қосымшаларында көрсетілетін болады
Алматыда жалға алынған электросамокаттар үшін шектеу аумақтары бекітілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Барлық азаматтардың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және қоғамдық орындарда қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін Алматыда кикшеринг компанияларымен бірге қала әкімдігі электросамокаттардың жүруі шектелетін орындарды анықтады.
Мәселен, электросамокаттармен «Южный», «28 Панфиловшы», «Мәдениет және демалыс», Тұңғыш Президент саябақтарында жүруге болмайды. Сонымен қатар ҚБТУ алдындағы және «Северный» алаңдарында, Ботаникалық бақта, Арбатта (Жібек жолы даңғылы, Назарбаев даңғылы, Абылай хан даңғылына дейін) және Терренкурда жүруге шектеу қойылған. Бұдан басқа, Панфилов көшесінің жаяу жүргіншілер жолағында, Мақатаев көшесінің, Чайковский және Желтоқсан көшелерінің аумағында орналасқан алаңдарда жылдамдық 10 км/сағатқа дейін шектеледі. Аталған аумақтарда және Төлебаев көшесінде электрсамокаттарды қалдыруға тыйым салынады, – делінген әкімдік хабарламасында.
Шектеулер электросамокаттарды жалға беруші компаниялардың арнайы қосымшаларында көрсетілетін болады. Қолданушылар ережелерді сақтауға, адамдар көп жиналған орындарда жоғары жылдамдықпен жүрмеуге тиіс.