Ресейдің экс-футболшысы Қазақстан азаматтығын алды
Александр Зуев ұлттық құрамаға шақырылды
Ресей жасөспірімдер құрамасының бұрынғы ойыншысы, «Крылья Советов» клубының жартылай қорғаушысы Александр Зуев Қазақстан азаматтығын алды.
Жақында ол ұлттық құрама командаға шақырылды. Ол жарақатынан әлі айықпаған Асланбек Дарабаевты алмастырады. Еліміздің бас командасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиевтің айтуынша, қазір бір ғана Зуев емес, Ресейдің көптеген футболшылары Қазақстанның азаматтығын алып, ұлттық құрамада ойнағысы келіп жүр.
Біз әр нәрсені ұлттық құраманың ойыншыларымен ақылдасып шешеміз. Бірақ соңғы сөзді мен айтамын. Бас жаттықтырушы болған соң, шешімді өзім қабылдаймын. Біздің киім ауыстыратын бөлмемізде ойыншылармен жақсы түсіністік қалыптасқан. Сондықтан жақсы атмосфераның, жақсы аураның шырқын бұзғым келмейді, – деді Адиев.
Ал Александр Зуевке келсек, ол 1996 жылы Қостанайда туған. Бала кезінде «Тобыл» клубының балалар мектебінде жаттыққан. Кейін Ресейге көшіп кеткен. 2013 жылы 17 жасқа дейінгі футболшылар арасында өткен Еуропа чемпионатын жеңіп алған. 2016 – 2017 жылдардағы футбол маусымында Мәскеудің «Спартак» жасағының құрамында Ресей чемпионы атанған. Содан кейін «Рубин» (Қазан), «Ростов» (Ростов на Дону), Мәскеудің түбіндегі Химки қаласының «Химки» клубы мен «Крылья Советов» (Самара) командаларында ойнаған.
Міне, мен Қазақстан азаматтығын алдым. Оны алу оңай болған жоқ. Көк паспорттың соңынан ұзақ жүрдім. Мен туған елімнің азаматы болғаныма қуаныштымын. Қазақстан менің Отаным ғана емес, бұл жерде менің бал дәурен балалық шағым өтті. Бала кезімде футболды Қостанайдың «Тобыл» клубынан бастадым. Бұл алаңсыз балалық шақ еді, шіркін! Балалық шағымды бақытты кезім деуге болады.
Қазақстанда менің туыстарым мен таныстарым көп. Ресейде тұрғанда Қазақстанға көп келіп жүретімін. Сол кезде отбасыммен қазақтың мейрамдарын тойлайтынбыз. Сондықтан менің Қазақстанмен байланысым ешқашан үзілген емес. Енді мен екі есе бақыттымын. Өйткені, ұлттық құрамаға шақырту алдым. Бұл менің мақсатым еді, – деді ол.
Оның айтуынша, енді ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабымен жеке сөйлесіп, ойыншылармен танысып алу керек. Содан кейін ғана ойынға кірісемін, дейді ол.
Ресейдің футбол мамандары Зуевтің еліміздің азаматтығын алғаны жөнінде пікір білдіруге де үлгеріпті. Мысалы, Ресей ұлттық құрамасы мен Мәскеудің «Спартак» клубының бұрынғы ойыншысы Александр Мостовой: «Зуев Қазақстанға кетсе, бара берсін. Одан ештеңеміз кетпейді. Зуев – ортаңқол футболшы. Оны «Спартактың» жанкүйерлері ғана біледі. Басқа ешкім білмейді», деген екен.
Сондай-ақ, ол қазір Ресей футболы изоляцияда болған соң, футболшылардың басқа елдердің азаматтығын алып жатқаны қалыпты нәрсе екенін айтты.
Бұл қалыпты нәрсе. Бүкіл әлемде спортшылар азаматтығын ауыстырып, халықаралық аренаға шыққысы келеді. Мысалы, Францияның ұлттық құрамасына қосыла алмаған ойыншылар Алжир немесе Марокконың командасына барып жүр. Сондықтан Зуевті түсінуге болады, – деді ол.
Ол Ресей спортшыларының Қазақстанға кетіп жатқанынан трагедия жасамауды өтініпті.