Сәуле Омарова АҚШ валюта басқармасы жетекшілігіне үміткер болудан бас тартты
АҚШ-та бірқатар сенатор Сәуле Омарованың кандидатурасына қарсы болды
Қараша айының басында Ақ үй әкімшілігі АҚШ валюта басқармасының жетекшілігіне Қазақстан тумасы Сәуле Омарованы тағайындау бойынша Сенатқа ұсыныс жолдады. Дегенмен, Омарованың АҚШ-та жоғары лауазымға тағайындалуына конгресстегі бірқатар демократ қарсылық білдірді.
Ал, Ақ үй әкімшілігі Сәуле Омарованың бұл лауазымға лайықты екенін айтып, оның ұсынылған сәттен бастап республикашылар тарапынан әділетсіз қудалауға ұшырағанын жеткізді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан тумасы Сәуле Омарова АҚШ валюта басқармасының жетекшілігіне ұсынылған өз кандидатурасын алып тастаған.
55 жастағы Омарованы АҚШ валюта басқармасының жетекшілігіне ел президенті Джо Байден ұсынған. Ол 1966 жылы Орал қаласында туып, 1991 жылы АҚШ-қа қоныс аударған, кейін АҚШ азаматтығын алған.
Еске салайық, 17 қарашада Fox News телеарнасы (АҚШ Республикалық партиясының бас медиаресурсы) Қазақстан тумасы, президент Джо Байденнің АҚШ валюта басқармасының басшысына ұсынған кандидаты Сәуле Омарованы 26 жыл бұрын ұрлық жасады деп айыптады.
Fox News телеарнасының мәліметінше, 1995 жылы Сәуле Омарова TJ Maxx дүкенінен 214 доллар тұратын төрт жұп аяқ киім, екі одеколон, екі белбеу және шұлық ұрлағаны үшін қамауға алынғаны айтылған.
Осы айыптаудан кейін Ақ үй мәлімдеме жасап, Омарованы білікті кандидат ретінде қорғап, бұл істі «түсінбеушілік және шатастыратын жағдай» деп атады.