Halyq Uni логотип
×

Биыл ел бойынша шегірткемен күресуге 3,8 млрд теңге бөлінді

Зиянкестер 1,6 млн гектар аумаққа таралуы мүмкін

 Динара Амантай 08.06.2023 | 10:05
Биыл ел бойынша шегірткемен күресуге 3,8 млрд теңге бөлінді
Фото: АШМ баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында италиялық прусқа қарсы 102,4 мың га жер өңделді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

АШМ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір шегірткенің көбеюі байқалып отырған облыстың Ырғыз ауданында 27,5 мың гектар жер өңделді. Шегірткеге қарсы мониторингтік және қорғау іс-шаралары ерекше бақылауға алынған. Бұған дейін мамандар Ырғыз ауданында 128,7 мың гектар алаңда үйірлі зиянкестердің таралуын болжаған болатын. Оның ішінде италиялық прус – 106,7 мың және азиялық шегіртке – 21,9 мың гектар жерде. Жәндіктермен күресу үшін барлық болжамды алаңға пестицидтер жеткізілді.

Жалпы, бүкіл ел бойынша үйірлі зиянкестерімен күресуге биыл республикалық бюджеттен 3,8 млрд теңге бөлінді. Мамандардың деректері бойынша, шегіртке 1,6 млн гектар аумаққа таралуы мүмкін. Бұл жәндіктермен күресу үшін 1,4 млн гектар аумаққа әртүрлі фитосанитарлық мақсаттағы пестицидтер сатып алынды. Пестицидтердің қолда бар қорын (383,5 мың гектар) ескере отырып, өңдеу алаңы 1,77 млн гектарға дейін жеткізілетін болады.

Әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде жедел штабтар құрылып, мониторинг және химиялық өңдеу жөніндегі жұмыс жоспары бекітілді. Мамандандырылған техника, оның ішінде жерүсті және әуе көлігі жұмылдырылып отыр.

Қазір италиялық прусқа қарсы қорғаныс іс-шаралары Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстарында өткізіліп жатыр. Бүгінде 248,4 мың гектар өңделді.

Атырау және Қызылорда өңірлерінде азиялық шегірткеге қарсы қорғаныс іс-шаралары басталып, 4,4 мың гектар өңделді.

Жамбыл облысында мароккалық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу толығымен аяқталды. Түркістан өңірінде қорғаныс іс-шаралары аяқталуға жақын. 78,4 мың гектар алаң өңделген.

Көршілес мемлекеттермен шекаралас аумақтарда бірлескен зерттеулер жүргізілетін болады. Бұл туралы ҚР АШМ мамандары Ресей, Қытай және Өзбекстаннан келген әріптестерімен алдын ала келісім жасасты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама