Шымкентте аптап ыстықтан ауруханаға түсіп жатқандар көбейген

Дастан Жұмабекұлы

Күн ысыған кезде асқынатын аурулар бар, - дейді дәрігерлер

фото: ашық дереккөз

Шымкент қаласында аптап ыстықтан денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түсіп жатқан тұрғындар көбейе түсті. Мысалы, қалалық №1 клиникалық ауруханасына бір аптада қан қысымы көтерілген 10 науқас жатқызылған. Дәрігерлер ыстық ауа райында асқынатын ауруы бар адамдар мейлінше сыртқа шықпағаны жөн деп отыр. Күніне 2-2,5 литр су ішіп, үнемі бас киіммен немесе қолшатырмен жүру керек екенін ескертеді.

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасы ұйымдастыру әдістемелік бөлімінің басшысы Қуаныш Лекеровтің айтуынша, күн ысыған кезде асқынатын аурулар бар. Мысалы, артериялық қан қысымы, жүректің шамасыздығы, жүйке жүйесімен ауыратын, терісінде проблемасы бар адамдардың аурулары асқынып кетуі мүмкін. Бұл аурулар күннің тиюіне байланысты асқынады. Мүмкіндігінше сыртқа шықпаған дұрыс. Шыққан күннің өзінде көлеңкемен, желдеткіші бар көлікпен жүру керек.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында аптап ыстық әлі 3 күнге жалғасады. Синоптиктердің хабарлауынша, 8 маусымда қалада +36-38 градус ыстық күтіледі. Ал 9 маусымда ауа температурасы +38-40 градусқа дейін көтеріледі деп болжанып отыр. Тек 10 маусымда ғана ыстықтың беті қайтады дейді мамандар. Шамамен +33 және +35 градус болады.