Бас прокурордың орынбасары Франциядағы құны 1 млн доллар болатын вилласына қатысты түсініктеме берді
Айтуынша, бұл ақпараттың барлығы декларацияда ашық көрсетілген
ҚР Бас прокурорының орынбасары Ұлан Байжанов 7 маусымда Франциядағы құны 1 млн доллар болатын вилласына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz.
БАҚ өкілдері Ұлан Байжановтан Францияда қымбат вилласы бар екендігі туралы ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын және «қазір оның 1 миллион долларға сатылып жатқандығы рас па» деп сұрады.
«Бұл, расында сенімді ақпарат, оны ешқашан жасырған емеспін. Аталған жылжымайтын мүлікті бизнесте жүрген кезімде сатып алған болатынмын. Оның өзіндік себептері болды. Қызым ауырып, біраз уақыт Еуропада болуыма тура келді», - деді ол.
Ол мемлекеттік қызметке кірісер алдында, заңға сәйкес барлық мемлекеттік қызметкерлер секілді осы жылжымайтын мүлікпен қоса барлық жиған-тергенін тізбектеп декларация өткізгенін айтты.
«Бұл ақпараттың барлығы декларацияда ашық көрсетілген, ол арада арнайы тексеру жүргізіледі, бұл 13 жыл бұрын болған (жылжымайтын мүлікті сатып алу – ред.), маған қатысты ешқандай сұрақтар туындаған жоқ. Әсіресе жоғары саяси лауазымдарға тағайындау туралы сөз болғанда, тексеру өте мұқият жүргізіледі. Сондықтан одан сенсация жасаудың қажеті жоқ», - деп Бас прокурордың орынбасары БАҚ өкілдеріне басу айтты.