Жетісу облысында жоғалған оқушы қыздың мәйіті өзен арнасынан табылды
Оқушы қызды іздеуге Панфилов аудандық полициясының жеке құрамы қатысты
Жетісу облысында жоғалған 15 жастағы қыздың мәйіті өзен арнасынан табылды, деп хабарлайды Рolisia.kz.
Панфилов ауданында соңғы екі күнде хабар-ошарсыз кеткен жасөспірім қыздың мәйіті Әулие ағаш ауылынан 2-3 шақырым жерде Бұрақожыр өзені арнасынан бүгін, 6 маусымда табылды. Денесінде зорлық-зомбылық делгілері байқалмаған.
«Полицейлер қажетті сараптамаларды тағайындап, өлімінің барлық мән-жайын мұқият тексеріп жатыр.
Оқушы қызды іздеуге Панфилов аудандық полициясының жеке құрамы қатысты. Сондай-ақ іздестіру іс-шараларына облыстық департаменттің қызметкерлері, әскери қызметшілер, жергілікті тұрғындар, әкімдік қызметкерлері, мектеп оқытушылары мен еріктілер (200-ден астам адам) қосылды. Іздеуге жарияланған жасөспірім қыз туралы ақпарат жақын маңдағы полиция бөлімшелеріне жіберілді, БАҚ пен әлеуметтік желілерде орналастырылды.
Облыстық полиция марқұмның туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады», - делінген полиция мәліметінде.