Президент адам құқықтары жөніндегі уәкілді қабылдады
Омбудсмен кеңсесі мен оның өңірлердегі өкілдіктері азаматтардың 2 мыңнан аса өтінішін қараған
Мемлекет басшысы адам құқығы жөніндегі уәкіл Артур Ластаевты қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Адам құқығы жөніндегі уәкілдің биылғы 5 айда атқарған жұмыстарының қорытындысы, соның ішінде азаматтардың құқығын қайта қалпына келтіруге жәрдемдесу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берілді. Омбудсмен кеңсесі мен оның өңірлердегі өкілдіктері осы уақыт аралығында азаматтардың 2 мың 318 өтінішін қараған.
Артур Ластаевтың айтуынша, жергілікті жердегі жұмысты күшейту үшін Ұлттық превентивті механизм мүшелерінің құрамы жаңарған. Адам құқығы жөніндегі уәкіл балаларға арналған мекемелердегі қатыгездік әрекеттердің алдын алу мәселесін ерекше назарда ұстайды. Атап айтқанда, уәкіл осындай мекемелерге 213 рет барып, 800-ден аса ұсыным жасаған. Омбудсменнің бастамасымен азаптау фактілеріне қатысты тергеу амалдары жүргізіледі. Құқық қорғау органдарына бірқатар арнайы ұсыным берілді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, азаматтардың құқығын тиімді қорғауды қамтамасыз ету маңызды екенін айтты.