Сайлауға 3 үміткер қатысқан
Павлодар облысында ішімдік ішіп жұмыстан қуылған әкім сайлауға түсіп, жеңіске жетті, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Қалалық сайлау комиссиясы академик Әлкей Марғұлан атындағы ауыл әкімін сайлаудың қорытындысын шығарды. Жаңа әкімді сайлауға 177 адам қатысқан, үшеуі ешбір әкімге дауыс бергісі келмеген.
Сайлауға 3 үміткер қатысты: кент әкімдігінің бас маманы Роза Мұқашева, қалалық №5 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аманжан Сұлтанов және жеке кәсіпкер Бауыржан Бозтаев.
Биыл 30 қаңтарда Бозтаев ауыл әкімі қызметіне тікелей дауыс беру арқылы сайланған. Алайда 15 наурызда ол суық тиіп, жұмыста ішімдік ішуге мәжбүр болған. Бұл дерек Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жеткен. Облыстың әдеп жөніндегі уәкілі оқиға орнына барып, медициналық тексеруден өткізген соң, әкімнің жұмыста ішімдік ішкенін растады.
Осылайша, әдеп жөніндегі кеңесте 47 жастағы Бауыржан Бозтаев қызметінен босатылған еді.
Алайда жақында өткен сайлауда жеке кәсіпкер 101 дауыс жинап, академик Әлкей Марғұлан атындағы ауылды қайта басқаратын болды.