Парламенттік дипломатия мемлекеттер мен халықтар арасындағы байланыстарды нығайтуға көмектеседі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясының Президенті Маргарета Седерфельтті қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Президент Маргарета Седерфельтке ілтипат білдіре отырып, оның сапары Қазақстан мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламент Ассамблеясы арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол парламенттік дипломатия мемлекеттер мен халықтар арасындағы байланыстарды нығайтуға көмектесетініне назар аударып, ауқымды саяси және экономикалық өзгерістердің іске асырылуы туралы айтты.
Маргарета Седерфельт Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын және ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясы негізгі саяси институттардың жүйелі трансформациялану барысын ерекше қызығушылықпен бақылап отырғанын жеткізді.
Кездесу барысында Астана халықаралық форумындағы (AIF), сондай-ақ аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.