Астанадағы медициналық саммитте «Алтын шипагер» жүлдесі тапсырылады
Іс-шараға барлық өңірден 1500 медицина қызметкері қатысады
Денсаулық сақтау министрлігі 14 маусымда Астана қаласында «DENI SAU ULT» ұлттық медициналық саммитін және жыл сайынғы «Алтын шипагер» ұлттық медициналық жүлдесін тапсыру сияқты ауқымды іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Салтанатты іс-шараға шақырылған қонақтардың қатарында Үкімет пен депутаттық корпус мүшелері, әкімдік өкілдері, жеке және мемлекеттік медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері, өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, қазақстандық және шетелдік денсаулық сақтау сарапшылары, жеке компаниялардың басшылары, бизнес өкілдері бар.
Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 1500 медицина қызметкері қатысады деп болжанып отыр. Іс-шара бағдарламасында дәрі-дәрмектерді, медициналық мақсаттағы жабдықтарды отандық өндірушілердің, импорттаушылар мен дистрибьюторлардың, медициналық мекемелердің, медицина саласында жұмыс істейтін мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, ғылыми институттардың, зертханалардың және медицина жұртшылығы басқа да өкілдерінің қатысуымен презентациялық-көрме алаңы жоспарланған. Медициналық саммиттің шеңберінде пленарлық сессия және панелдік пікірталастар өтеді. Оның барысында баяндамалар ұсынылып, медициналық сақтандырудың өзекті мәселелері, МСАК-тың қолжетімділігі, сондай-ақ отандық өндірісті дамыту мен қолдаудың мәртебесі, перспективалары мен мүмкіндіктері талқыланады.
Саммиттің қызықты бөліктерінің бірі отандық денсаулық сақтауды дамыту перспективалары тақырыбында медицина, менеджмент және стратегиялық даму саласындағы жетекші отандық және шетелдік спикерлер мен сарапшылардың қатысуымен TEDx форматында өтетін «Health&Talks» диалог алаңы болады.
Соңында іс-шараға қатысушыларды «Алтын шипагер» ұлттық медициналық жүлдесін тапсыру рәсімі күтеді. Номинацияларда ҚР медицинасының дамуына үлес қосқан, сондай-ақ медицина және қоғамдық денсаулық саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізген үздік дәрігерлер, ғалымдар, оқытушылар, провизорлар, мейіргер қызметінің жұмысшылары және басқа да сала өкілдері марапатталады.