Азаптау: күштік құрылымдардың 39 қызметкері қылмыстық жауапқа тартылады

Динара Амантай

Психологиялық тестілеу арқылы азаптауға бейім қызметкерлерді алдын ала анықтау ұсынылды

Фото: Halyq Uni

88 азаматты азаптағаны үшін күштік құрылымдардың 39 қызметкері қылмыстық жауапқа тартылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бас прокуратура полиция ғимараттары мен ҚАЖК мекемелерінде тексеру кезінде бейнекамералармен қамтылмаған 5 мың 812 учаске мен үй-жайлар және 900 жұмыс істемей тұрған камераны анықтады. Прокуратураның ұсынысы бойынша «Көрінбейтін аймақтарды» болдырмау үшін 3 мың 783 қосымша бейнекамера орнатылды. Ғимараттарды толық жарақтандыруды жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Аумақтық полиция департаменттерінің, ҚАЖК және ІІМ орталық аппаратының 19 басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Осы және басқа да полиция қызметкерлері арасында азаптаудың алдын алудың мәселелері Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаевтың қатысуымен Ішкі істер министрлігінде өткен ведомствоаралық кеңесте талқыланды. Ол қазір 88 азаматқа қатысты тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолданғаны үшін күштік құрылымдардың 39 қызметкері қылмыстық жауапқа тартылатынын атап өтті.

Министрлік басшылығына психологиялық тестілеу өткізу арқылы азаптауды қолдануға бейім қызметкерлерді алдын ала анықтау ұсынылды.

Азаптауға қарсы кешенді шараларды іске асыру жалғасып жатыр.