«Ресейлік еріктілер корпусы» Белгород облысының бір ауылын басып алды
Атыс салдарынан 67 үйдегі 1 150 пәтерге және 370 жеке үйге зақым келген
Ресейдегі Украинамен шекаралас Белгород облысының билігі бірнеше күннен бері атыс жалғасып жатқан Новая Таволжанка ауылына кіре алмай жатқандарын мәлімдеді.
Облыс губернаторы Вячеслав Гладковтың айтуынша, Новая Таволжанка ауылында 100-ге жуық адам бар екен.
Бірақ соңғы екі күнде болған атыс салдарынан ақпаратты растай алмай отырмыз. Жағдай өзгеріп, адамдарды елді мекеннен кетуге көндіре аламыз деп үміттенемін, – деп мәлімдеді губернатор.
Дегенмен шенеунік ауылға не себепті кіре алмай отырғандарын нақтыламады. Ал «Ресейлік еріктілер корпусының» сарбаздары бірнеше күннен бері Новая Таволжанка ауылын бақылауда ұстап отыр.
Барлық Ресей азаматтарына бұл ауылдың кішкентай елді мекен емес екенін және мұнда 5 мың тұрғынның барын айтқым келеді. Қазір ауыл босатылды, мұнда «Ресейлік еріктілер корпусының» сарбаздары ғана бар. Өзге билік аймақта жоқ, – деді корпус өкілі.
Еске сала кетсек, өткен аптада облыстағы Шебекино округының басшысы Владимир Жданов атыс салдарынан 67 үйдегі 1 150 пәтерге және 370 жеке үйге зақым келгенін мәлімдеген болатын.
Шебекино округіне қарай 4 маусымда 611 әртүрлі оқ атылған. Ал Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладковтың айтуынша, Шебекинодағы коммерциялық нысандарға, орталық базар модуліне, өнеркәсіп орындарына зақым келген.