Жыл басынан бері 8 мыңнан аса этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
Олар негізінен еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстандырылады
Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 8 034 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 115,1 мың этникалық қазақ оралған. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (54,2%) Өзбекстаннан, 20,1%-ы – Қытайдан, 11%-ы – Ресейден, 6,4%-ы – Моңғолиядан, 4,9%-ы – Түрікменстаннан және 3,3%-ы басқа елдерден келген.
Елімізге келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (27,8%), Маңғыстау (12,8%), Түркістан (6,4%) және Жамбыл (4,8%) облыстарына, сондай-ақ Астана (10,7%), Алматы (8,8%) және Шымкент (7,1%) қалаларына қоныстанды.
Осы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны – 67,5%, еңбекке қабілетті жастан кішілер – 23,8% және зейнеткерлер – 8,7%. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,3%-ы – жоғары білімді, 37%-ы – орта кәсіби білімді, 38,4%-ы – жалпы орта білімді және 7,3%-ының білімі жоқ.
Қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңір ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары анықталды. Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасын 1 925 адам алған. 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 787 қандас қоныс аударды. Қандастар ағыны ұлғайған кезде қоныстану аймақтарында қабылдау үшін квота мөлшері ұлғайтылуы мүмкін.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде қолдау көрсетіледі.
Сонымен қатар, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.