ADAL партиясының Amanat-қа қашан қосылатыны хабарланды

Қымбат Елтайқызы

26 сәуірде Amanat партиясының кезектен тыс XXIII съезі өтеді

коллаж: Halyq Uni

Amanat партиясының кезектен тыс XXIII съезінде ADAL саяси партиясының Amanat партиясына қосылуы туралы мәселе қаралады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов мәлімдеді.

«Съезге барлық өңірлерден делегаттар қатысады. Съезд онлайн форматта өтеді. Орталық аппарат филиалдармен бірлесіп дайындық іс-шараларын бастады. Съезд барысында ADAL саяси партиясының Amanat партиясына қосылуы туралы мәселе қаралады деп жоспарлануда», - деді Асхат Оралов.

Еске салайық, 16 наурызда ADAL партиясының саяси кеңесі Amanat (бұрынғы Nur Otan) партиясына қосылу туралы шешім қабылдады. Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев мұндай шешім партияластардың арасында бірауыздан қабылданғанын жеткізді.

Атап өтсек, 2020 жылы бұрынғы «Бірлік» партиясының атауы ADAL партиясы болып өзгерді. Сондай-ақ партия саяси кеңесінің құрамына 9 адам енді. Олар: Элдар Жұмағазиев, Алмасбек Садырбаев, Лаура Маликова, Олжас Ордабаев, Ардақ Назаров, Мақсат Толықбай, Дәулет Мұкаев, Игорь Шацкий және Мұрат Қожамқұлов.