Сот жүйесін жаңғырту жұмысының барысы таныстырылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысына еліміздегі сот жүйесін жаңғырту жұмысының барысы таныстырылған. Жоғарғы сот төрағасы сот пен судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, судьялар корпусын білікті заңгерлермен нығайту, сондай-ақ сот үдерісінде азаматтар мен бизнеске берілетін кепілдікті күшейту міндеттерінің орындалуын баяндады.
Сонымен қатар, президентке сот қызметін аналитикалық тұрғыда күшейту, облыстық сот төрағаларының жауапкершілігін арттыру үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіндегі реформаларды сапалы іске асыру және қоғамның соттарға деген сенімін арттыру, сондай-ақ азаматтардың құқығын қорғауды күшейту жұмыстарын жалғастырудың маңызды екенін ескертті.