×

Украина қарсы шабуылды бастады - Ресей Қорғаныс министрлігі

Осы күндері шекараға жақын жерлердің бәрін үрей жайлап алған

 Дастан Жұмабекұлы 05.06.2023 | 09:47
фото: ашық дереккөз

Ресей Қорғаныс министрлігінің өкілі, генерал-лейтенант Игорь Конашенков Украина Қарулы күштерінің кешеден бері қарсы шабуылға шыққанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Ресей басып алған Донецк облысының оңтүстігінде Украина әскерінің шабуылы басталған.

Шабуыл бес бағытта болып жатыр. Украина Қарулы күштері 6 батальонмен шабуылға шықты. Оларға тойтарыс бердік. Шабуылдан нәтиже шықпады, – деді ол.

Ресей әскері Украина Қарулы күштерінің Сватов, Бахмут, Запорожье бағыттарында алға жылжып келе жатқанын айтуда. Украина тарапынан әзірше мұны ешкім растамады. Президент Владимир Зеленскийдің өзі әскердің әлі қарсы шабуылға шықпағанын айтты.

Украина қарсы шабуылға дайын. Ол қанша уақытқа созылатынын айта алмаймын, – деді Зеленский.

Қазір соғыс Ресейдің Белгород облысында да болып жатыр. Ресейлік еріктілердің «Азат Ресей» легионы мен «Орыс ерікті корпусы» ұйымының сарбаздары Шебекино селосында ұрыс қимылдарын жалғастырды. Қолда бар мәліметке қарағанда, облыс территориясында екі жақтың қиян-кескі соғысы болып жатыр. Ресей Белгород облысына көмекке өзінің ең соңғы резервін жіберуге мәжбүр болды.

Ресей еріктілері болса, Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладковты келіссөз жүргізуге шақырды. Губернатор әуелі келісім бергенімен кейін келіссөзге бармай қойды.

Соғыс Бахмут қаласы үшін де жалғасып жатыр. «Вагнер» жеке әскери компаниясының құрылтайшысы әрі басшысы Евгений Пригожин Бахмуттың бір бөлігін тастап кеткенін, қаладан шыққан соң олар өз позициясына Ресей Қорғаныс министрлігінің Қарулы күштерін қалдырып кеткенін айтты. Алайда Ресей әскері «Вагнердің» басып алған жерлерінен тез айырылып қалған. Қазір ол жерге Украина Қарулы күштері барып, орналасып үлгерген.

Осы күндері Ресейдің Украина шекарасына жақын жерлердің бәрін үрей жайлап алған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама