Каирде Сұлтан әз-Захир Бейбарыс мешіті ашылды
Ұзақ жылдар бойы тарихи һәм діни орталық болып келген осынау нысанды мысырлықтар айрықша құрметтеп, мақтан тұтады
Бүгін Египет астанасы Каир қаласында күрделі жөндеуден өткен Сұлтан әз-Захир Бейбарыс мешіті салтанатты түрде ашылды.
Дешті Қыпшақ даласынан шыққан даңқты билеуші, Мысыр ғана емес ислам дүниесінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға - Бейбарыс Сұлтанның туғанына 800 жыл толуына орайластырылған іс-шараға осы елде сапарда жүрген ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация қатысты. Делегация құрамында ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, бір топ сенаторлар мен БАҚ өкілдері бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Бейбарыс сұлтанның есімі жаһан тарихына дана әрі әділ билеуші, ұлы қолбасшы ретінде алтын әріппен жазылғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Бейбарыстың 800 жылдығы қазақ халқы мен мысырлықтар үшін мәні терең, маңызы зор оқиға екенін де айтты.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған іс-шараларға қатысушыларға өзінің жылы лебізін жолдады. Мемлекет басшысы бұл мерейтойды жоғары деңгейде атап өтуге баса мән беріп отыр. Мерейлі дата аясында 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Оның бір бөлігі Мысыр жерінде өткізіліп жатыр. Жалпы, екі халықтың байланысы тереңнен тамыр тартады. Соның бір бастауында Мысыр шежіресіндегі мәмлүктер кезеңі тұрғаны белгілі. Оның ішінде Бейбарыс сұлтанның есімі ерекше аталады. Ол – мемлекет басқару ісінде дана шешімдерімен дараланған билеуші. Ұлы қолбасшы Мысырды басқарып тұрған кезінде мешіт, медреселер салдыруға, елдің рухани іліммен бірге ғылым-білімді де қатар игеруіне үлкен көңіл бөлді. Бүгін күрделі жөндеуден кейін қайта ашылып отырған «Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс» мешіті Мысыр мен Қазақстан үшін ғана емес, ислам әлемі үшін де бірегей мәдени мұра екені анық. Сондықтан оны қайта қалпына келтіру – әлемдік тарих пен мәдениет үшін маңызды оқиға», – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, мәмлүктер мемлекетінің негізін қалап, ұзақ жылдар Мысыр мен Шамды билеген Сұлтан әз-Захир Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойын лайықты атап өту мақсатында биыл бірқатар ауқымды іс-шаралар жоспарланған. Соның маңызды бір бөлігі Бейбарыстың тікелей шешімімен салынған тарихи нысанды жаңғырту. Кезінде діни, рухани орда ғана емес, білім мен ғылымның қайнар көзі болған бұл мешіт Каир қаласының ежелден қалған ескі атауы - «әз-Захир» деп аталатын ауданында орналасқан.
Сұлтан Бейбарыстың пәрменімен мешіттің құрылысы 1266-1269 жылдары жүреді. Сол заманның аса сәулетті туындысына айналған нысанның құрылысына Сұлтанның кеңесшісі болған Бахаа әд-Дин бин Ханна мен ханзада Алам ад-Дин Санжар әс-Саруджи басшылық жасаған. Әз-Захир Бейбарстың талап етуі бойынша мешіттің кіреберіс бөлігі оның медресесінен аумайтындай, ал күмбезі Имам аш-Шафи күмбезіне ұқсайтындай болуы тиіс еді. Осман империясы кезеңінде мешіт әскери миссия үшін қойманың рөлін атқарса, француздар отарлаған тұста әскери портқа айналған. 1812 жылы мешіттің мәрмәр бағаналары әл-Азһардағы әл Шараква портын салуға пайдаланылған. Осындай күрделі кезеңдердің кесірінен мешіттің мұнарасы мен күмбезі құлаған.
Айта кетерлігі, ұзақ жылдар бойы тарихи һәм діни орталық болып келген осынау нысанды мысырлықтар айрықша құрметтеп, мақтан тұтады. Ондай сүйіспеншілік ең алдымен күллі мұсылманды кресшілер жорығы мен моңғол шапқыншылығынан қорғап, елін өркендетуге ғұмырын сарп еткен Бейбарыс Сұлтанның тұлғасына деген құрметтен туындаса керек. Расында да, «әз-Захир Бейбарыс» атауы батырлықтың ғана емес, дархан даналықтың, елге деген шексіз қызметтің де нышаны іспеттес.
Тарихи ғимаратты реставрациялау iсiн бұған дейін де дүркін-дүркін көтерілген екен. Мысалы, Мысырдың Араб ескерткіштерін қорғау комитеті (қазіргі атауы Ескерткіштер мен мәдениет істері бойынша жоғарғы мәжіліс) қайта жөндеуді өткен ғасырдың сонау 1960-жылдары қолға алған. Алайда, қаражат жетіспеуі салдарынан жаңғырту жұмыстары бірде тоқтап, бірде қайта жанданып отырған. Бертін келе, қайта жөндеу мәселесі Қазақстан мен Мысыр елдері Үкіметінің арасындағы ынтымақтастық туралы келісім деңгейінде де қаралған. Мысырдағы саяси, экономикалық жағдайға байланысты жаңғырту жұмыстары биылға дейін жалғасып келді. 2022 жылы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Мысырға сапары барысында әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайебпен және Мысырдың Уақыптар министрі Мұхамед Мұхтар Жұмамен кездесулері өтіп, онда да осы шараны тарихи тұлғаның мерейтойына орайластыру жайы талқыланған.
Салтанатты шарадан соң жиналған қауым мешітте көп жылғы үзілістен кейін намазын жамағатпен бірге оқыды.