×

9 бала анасыз қалды: БҚО-да жол апатынан 4 мұғалім көз жұмды

Көлікте Батыс Қазақстан облысының алты мұғалімі болған

 Халық үні 03.06.2023 | 21:50
фото mgorod.kz

Жол апатынан қайтыс болған ұстаздардың артында жалпы саны тоғыз бала қалды, деп хабарлайды sputnik.kz.

1 маусым күні таңертең Қобда ауданындағы Самара – Шымкент тасжолында адам өлімімен аяқталған жол апаты болды. Оралдан Ақтөбе бағытында келе жатқан Lada Largus көлігі DAF жүк көлігімен соқтығысты. Салдарынан үш жолаушы сол жерде көз жұмды, төртеуі Қобда ауруханасына жеткізілді.

Кейіннен белгілі болғандай, көлікте Батыс Қазақстан облысының алты мұғалімі болған. Олардың үшеуі сол жерде, тағы біреуі жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі алты мұғалім Ақтөбеге бір таксимен жолға шыққанын хабарлады. Онда олар емтихан тапсырып, жоғары білім туралы диплом алуы керек болған. Ұстаздар Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде білім алған. Кейбірі еңбек демалысында болса, кейбірі өз қаражаты есебінен бір күндік демалысқа өтініш жазған.

«Үш әріптесіміз оқиға болған жерде, тағы біреуі кейін қайтыс болды. Көз жұмғандардың отбасыларына аудандық, қалалық білім бөлімдері, кәсіподақ ұйымдары тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілуде. Әріптестеріміздің туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз», – деді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Үміт Жәңгірова.

Көз жұмғандардың бірі – №47 орта мектепте дефектолог болып жұмыс істеген 29 жастағы Гүлжайнат Қажғалиева. Әйел қайғылы оқиға болған жерде көз жұмды, оның артында анасы мен сегіз жасар ұлы қалды. Әріптестері оны жауапты әрі білікті маман ретінде еске алды.

Жол апатынан марқұм болғандардың тағы бірі – 28 жастағы Айсұлу Тілектесова 2019 жылдан бері сурдопедагог болып жұмыс істеген. Ол да әріптестері сияқты емтихан тапсыруға жолға шыққан. Еңбек демалысында болған ол Грузияға демалыс жоспарлап, алдын ала жолдама сатып алып қойған.

Жол апатына ұшыраған такси жолаушыларының арасында 41 жастағы Әйкерім Ғұмарова да болған. 2007 жылдан бері әйел Қазталов ауданындағы мектепте логопед болып жұмыс істеген. Ол алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды, бес баласы анасыз қалды.

Ақсамал Әдиева небәрі 37 жаста болатын, Новеньков ауылындағы орта мектепте дефектолог болып жұмыс істеген. Маусым айының бірінші күнінен бастап еңбек демалысында болған ол да әріптестері сияқты Ақтөбеге емтихан тапсырып, диплом алуға аттанған. Әйелдің артында үш баласы қалды.

Ақтөбелік дәрігерлер 27 жастағы Аяжан Мыңжасарованың өмірі үшін күресіп жатыр. Ол №5 орта мектепте логопед болып жұмыс істеп, екі күнге өз қаражаты есебінен демалысқа шығуға өтініш жазған. Туыстарының айтуынша, оның жағдайы ауыр.

46 жастағы Бибігүл Мұрсанова да Қобды ауруханасында жатыр. Дефектолог мұғалім 1 маусымнан бастап еңбек демалысында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, әйелдің қолы сынған, жағдайы тұрақты.

Жүргізушіге келсек, Lada Largus көлігін 27 жастағы ер адам басқарған. Дәрігерлер оған жабық бассүйек-ми жарақаты, ми шайқалу, оң жақ жауырынның жарақаты, оң жақ мықын сүйектерінің ашық сынуы деген диагноз қойды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама