×

«Баланың жасына қарай таңдау керек»: Елімізде оңалту құралдарының паркі ашылуы мүмкін

Оңалту құралдарын алған азаматтар олар істен шыққан жағдайда аталған паркке келіп жөндете алады

 Айнұр Шошаева 03.06.2023 | 15:37
Фото: ortcom.kz

«Қазақстан халқына» қоры еліміздің төрт облысында пилоттық режимде оңалту құралдарының паркін ашу мәселесін қарасырып жатыр, деп хабарлайды Halyq uni.

Бүгінде мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар балаға қажетті техникалық құралды Eңбек министрлігінің порталына тіркеліп, қажетті техникалық құралды типіне қарай таңдап, өтініш береді. «Қазақстан халқына» қорының басқарма мүшесі Ләззат Шыңғысбаеваның пікірінше, оңалту құралдары әр баланың ерекшелігіне қарай жеке таңдалуға тиіс.

Әлемде бұл мәселеге жеке түрде қарайды. Кейде ата-аналар интернеттен көріп, баласына қажет екен деп ол құралға өтініш бере салатын кездер болады. Іс жүзінде баланың диагнозы, жағдайына қарай сай келетін құрал алынуға тиіс. Сондықтан дамыған еуропалық елдердің тәжірибесін негізге алып отырмыз. Қарапайым тілмен айтсақ, арнайы парк болады. Oған Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек министрлігі де қатысуы керек. Онда баланың диагнозына қарап оны оңалтады. Сондай-ақ қажетті техникалық құрал (протез, арба және т.б.) таңдап алып, ата-анасына оны қалай пайдалану керек екенін үйретеді. Сосын ол құралды жалға береді. Ол құралды үйге әкетіп, баламен айналысады. Құралды пайдалану мерзімі диагнозына қарай белгіленеді. Пайдалану мерзімі біткен соң, оны паркке тапсырып, орнына динамикасына қарай басқа құралды алады, - деді ол.

Сондай-ақ ол оңалту құралдарын алған азаматтар олар істен шыққан жағдайда аталған паркке келіп жөндете алатынын атап өтті. Парк әр құралды әр азаматтың жасы, салмағы мен даму динамикасына қарай беретінін айтады.

«Бала кішкентай кезінде біреуін алып, пайдаланған соң тапсырылып, өскен сайын басқасын алып отыру керек. Яғни, оңталту үшін техникалық құралдар паркі осындай тәртіппен жұмыс істейді. Жалпы оңалту орталықтарына барып жұмыс істеу жеткіліксіз. Ондай құралдарды үйде де болуы керек. Бүгінде оңалту құралдары ешкімде жоқ. Сондықтан оңалту құралдарының паркін ашқымыз келеді», - деп қосты Ләззат Шыңғысбаева.

Бүгінде қор аталған паркті төрт өңірде ашу мәселесін пысықтап жатыр.

Уәкілетті орган, атап айтқанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен келіссөз жүргіздік. Олар пилоттық режимде қай өңірлерде және кімнің базасында ашылатынын айқындауы керек. Өйткені «Қазақстан халқына» қоры ғимарат сатып алмайды. Мемлекеттік мекеме болуға тиіс. Сонымен қатар, олар базада кімдер жұмыс істейтінін және қанша жалақы алатынын айқындап алуы керек. Біз тек орталықты жабдықтандырып, мамандарды оқытатын боламыз. Жалпы, жоба әлі пысықталып жатыр, - деді басқарма мүшесі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама