Шымкентте 6 жасар баланы құтқарған оқушылар марапатталды
Уақытында көрсетілген медициналық көмек баланың өмірін сақтап қалды
Шымкент қаласының ТЖ департаментінде 6 жасар баланы құтқарған оқушылар марапатталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің бұйрығымен Рамазан Аманкелдиев пен Ердәулет Шыңғысхан баланы құтқарғаны үшін алғыс хатпен марапатталды. Балалар № 128 қалалық жалпы мектепте оқиды.
Еске сала кетсек, оқиға 10 мамырда Шымкент қаласының Игілік тұрғын алабындағы Бадам өзенінде болған. Бір топ балалармен бірге Ердәулет пен Рамазан шомылуға барып, сол жерде кішкентай баланың өзенге батып кеткенін естиді. Судың бетінде баланың жансыз денесін көріп, балалар оны жағаға шығарды. Суды жұтқан баланың іші ісіп кетіп, өзі көгере бастаған. Балалардың үлкені Рамазан, 9-сынып оқушысы, тез арада реанимациялық әрекетке кірісті. Оған оның досы 8-сынып оқушысы Ердәулет Шыңғысхан көмектесті. Балалардың жедел әрекеттерінің арқасында алты жасар бала есін жиып, дем ала бастады. Уақытында көрсетілген медициналық көмек баланың өмірін сақтап қалды.
Екі оқушыны ТЖ департаментінің басшылығы марапаттап, оларға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Айта кету керек, Бадам өзені – жүзуге тыйым салынған орын. Шымкент қаласында шомылуға арналған 13 орын анықталған, олар Шымкент қаласы ТЖ департаментінің сайтында орналастырылған.