Жоба «Қазақ елі» алаңында өткізіледі
Астанада Рәміздер күніне орай «Аламан құрақ» жәрмеңкесі өтеді. Оған еліміздің әр өңірінен 250 қолөнерші қатысады, деп хабарлайды Halyq uni.
«Аламан құрақ» жобасына еліміздің өңірлерінен 250 қатысушы келеді. Онда қолөнершілердің жәрмеңкесі мен ұлттық киімдер мен заманауи стильде тігілген киімдердің сән үлгісі көрсетіледі. Бұл жоба қолөнершілерге мотивация, екінші жағынан ұлттық өнер мен отандық өнімді дамыту болып табылады, - деді жобаның ұйымдастырушысы Зиуар Жұманова.
Оның айтуынша, жобаға қатысатын 200-ге жуық қолөнерші өздері тіккен құрақ көрпелерін ұсынатын болады.
Қатысатын әрбір қолөнерші өзінің құрақ көрпесін тігіп алып келеді. Тек барлық құрақ бір түсті, бірдей оюлы болады. Яғни 200-ге жуық қолөнерші бірдей құрақ көрпе әкеледі. Әлі де қатысуға ниет білдіріп, қазір құрақ көрпе тігіп жатқан ісмерлер бар. Астаналықтар сол жерден қалаған өнімін сатып ала алады. Қолөнершілердің арасында көпбалалы аналар, мүгедектігі бар бала тәрбилеп отырған аналар бар. Қарап отырмай, еңбектеніп жатыр, - деп қосты ол.
«Аламан құрақ» жобасы 4 маусым Астанадағы «Қазақ елі» алаңында сағат 09:30-да басталып, 16:00-ге дейін жалғасады.