Президент Үндістан премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады

Динара Амантай

Мемлекет басшысы көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдағанын жеткізді

Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Нарендра Модиге және Үндістан халқына теміржол апаты салдарынан болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.

Одиша штаты, Баласор елді мекенінде болған теміржол апаты салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдадым. Жақындарынан айырылған отбасылардың ауыр қайғысына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Осындай азалы сәтте Үндістан халқымен біргеміз, – деп жазылған жеделхатта.

Айта кетсек, Үндістанның шығысындағы Одиша штатында бірнеше пойыздың соқтығысуы салдарынан қаза тапқандар саны 288 адамға дейін өсті. 900 адам түрлі жарақат алды. «Шалимар-Коромандель» жүрдек пойызы жергілікті уақыт бойынша сағат 19:00 шамасында рельстен шығып кетіп, оның бірнеше вагоны «Есвантпур-Хаора» экспресі жүретін басқа жолға түсіп кетті. Қарсы бағытта жүріп келе жатқан пойыз әуелі осы вагондармен, содан кейін жолда тұрған тағы бір жүк пойызымен соқтығысты.