Жаңа сүзгінің салмағы – 529 грамм
Almaty Management University мен Lehigh University студенттері Гонконгтағы Линнань университетімен бірлесіп, ауа сүзгісін ойлап тапты, деп хабарлады AlmaU PR қызметі.
Le-SMILE сүзгісі ауаның ластану деңгейін анықтап, оны тазарта алады. Студенттер ауа тазартатын фильтрді көпшілікке таныстырып, оны сынақтан өткізді.
Ғимараттағы ауаның ластану көрсеткіші 145 балдық шкаланы көрсетті. Көрсеткіш әдеттегі нормадан әлдеқайда жоғары. 20 минуттан кейін сүзгінің көмегімен балл шкаласы 92%-ға төмендеп, 11 балды көрсетті.
Ауа сүзгісінің салмағы – 529 грамм.
«Біз ойлап тапқан фильтр университетте және жұмыс орындарындағы ауаны тазартуға мүмкіндік береді. Сүзгі DYSON фильтрі мен арнайы желдеткіштен тұрады. Ластанған ауа сүзгіштен өтіп, желдеткіш арқылы таза ауа сыртқа шығады. Осылайша, ғимараттағы ауа тазарады», - деді AlmaU студенті Мөлдір Сиязбаева.