Қазақстан Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестікке баса мән береді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишельмен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммиті аясында өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельге ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестікке баса мән беретінін атап өтті. Еліміздің Еуропалық Одақпен жасаған кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімі берік қарым-қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашты. Бүгінде ЕуроОдақ – Қазақстанның жетекші сауда серіктесі және экономикамыздың ең ірі инвесторы.
Өз кезегінде Шарль Мишель ЕуроОдақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалап, өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін бірлесе жұмыс істеу керек екенін атап өтті. Сондай-ақ олар жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.