Жамбылдағы жарылыс: із-түзсіз жоғалған әскеридің денесі табылмайынша, оның туыстарына жәрдемақы берілмейді
Жамбыл облысының әкімі жарылыс бойынша арнайы құрылған комиссия әлі жұмысын тоқтатпағанын мәлімдеді
Жамбыл облысындағы жарылыстан кейін із-түссіз жоғалып кеткен әскери Бауыржан Дәуітбаевтың денесі табылмайынша, оның туыстарына жәрдемақы берілмейді. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифинг барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты.
Жоғалған азаматтың денесі әлі табылған жоқ. Заңға сәйкес біз ол жәрдемақыны төлей алмаймыз. Егер біз оны төлейтін болсақ, онда ол заңсыз болады. Өкінішке қарай оның не өлі екенін, не тірі екенін әлі күнге дейін білмейміз. Себебі дәлеліміз жоқ. Біз ол азаматтың ата-анасымен сөйлесіп, барлығын түсіндірдік. Іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, - деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс басшысы жарылыс бойынша арнайы құрылған комиссия әлі жұмысын тоқтатпағанын мәлімдеді.
Еске салайық, 26 тамызда кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. Нәтижесінде жалпы саны 17 адам қаза тауып, 100 шақты адам жарақат алды. Қаза тапқандардың арасында өрт сөндірушілер, төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар.