Halyq Uni логотип
×

Қарағандыда судья әкесінің өліміне дәрігерлерді кінәлады: сот үкімі өзгеріссіз қалды

Қарағанды облысында аппеляциялық сот үш жылға созылған іске нүкте қойды

 Халық үні 20.04.2022 | 21:35
Қарағандыда судья әкесінің өліміне дәрігерлерді кінәлады: сот үкімі өзгеріссіз қалды
фото: ratel.kz

20 сәуірде Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасы Мақажанов атындағы клиниканың хирургы мен травматолог дәрігеріне қатысты істі қарады.

2019 жылы 5 мамырда Қаражал қаласы сотының төрағасы Дархан Бейсеновтің ата-анасы жол апатынан қайтыс болды. Екеуі де ауруханаға жеткізілгенімен, анасы көп ұзамай қайтыс болған, ал әкесі келесі күні ота жасалған соң бақилық болды. 

Сол оқиғадан кейін марқұмның ұлы Сәулет Бейсенов әкесінің өліміне дәрігерлер кінәлі деп, оларды сотқа берген. Сотта оның құқығын Қаражал қаласы сотының төрағасы Дархан Бейсенов қорғаған. Бейсеновтердің сөзінше, дәрігерлер төрт сағат бойы әкесіне жеткілікті деңгейде медициналық қызмет көрсетпеген. Сол кезде ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген басқа науқасқа қарап, уақыт жоғалтып алды деп санайды.

Содан кейін аурухананың хирургі Қаршанов пен травматологы  Жаңақұловқа қатысты іс Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі бойынша («медицина қызметкерінің кәсiптік мiндетін тиiсiнше орындамауы абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан жағдай») тіркелді. 

Істі Қазыбек би ауданы соты қарап, 2022 жылдың 17 ақпанында дәрігерлерді кісі өліміне кінәсіз деп тапты. Сот отырысы кезінде дәрігерлер Бейсеновтің ауруханаға түскен кездегі жағдайы тұрақты болғанын мәлімдеді. Сол себепті алдымен ауыр жағдай түскен ұл балаға ота жасаған. Бұл істе мемлекеттік айыптаушы да дәрігерлерге айып тағудан бас тартқан. 

Алайда сот үкіміне келіспеген Бейсеновтер аппеляциялық сотқа жүгінді. Облыстық сот мамандары өз әріптестерінің үкімін өзгеріссіз қалдырды.

«Көрсетілген медициналық көмек пен Бейсеновтің қайтыс болуы арасында себеп-салдарлы байланыс жоқ, жәбірленуші апат кезінде алған жарақаты салдарынан қайтыс болған. Бейсеновке ота дұрыс және толық көлемде жасалған», - деп мәлімдеді облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енді. 

Айта кетері, ерлі-зайыптының және олар мінген көлік жүргізушісінің өліміне кінәлі деп танылған азамат бес жылға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ Бейсеновтер моральдық шығын ретінде 17 миллион теңге алған.

Арайлым Еркебаева, Қарағанды облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама