Түркістан облысында түлектер мұқтаж отбасыға баспана сыйлады

Дастан Жұмабекұлы

Аудан орталығынан қорасы мен моншасы, сарайы бар 6 бөлмелі үйді табыс етті

фото: otyrar.kz

Түркістан облысының Түлкібас ауданында осыдан 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер мұқтаж отбасыға баспана сыйлады.

Абай және Б.Садықов атындағы мектептерден түлеп ұшқан азаматтар қосылып, мүмкіндігі шектеулі қыз тәрбиелеп отырған Кемелбековтер отбасына аудан орталығынан 6 бөлмелі, қорасы мен моншасы, сарайы бар баспана кілтін табыс етті.

Түлектер ортадан ақша жинап, 8 млн 600 мың теңгеге үйге қажетті жиһаздар мен техникаларды сатып алды. Сосын үйдің ішін жабдықтап берді.

Otyrar.kz-тің хабарлауынша, мүгедектігі бар отбасы осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген.

Іс-шара соңында дәстүр бойынша 2003 жылғы мектеп түлектері эстафетаны 2004 жылғы түлектерге табыс етті.

Еске сала кетсек, Түлкібас ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінің түлектері осыдан 6 жыл бұрын елімізде алғаш болып білім ордасын бітіргендеріне 20 жыл толған күні көпбалалы отбасыға үй сыйлаған болатын. Бұл игі дәстүр жалғасын тауып келеді.