Зерделеу тек білім басқармаларының жұмысын қамтиды, сәйкесінше балабақшаларға, мектептерге, колледждерге және басқа да білім беру ұйымдарына бару көзделмейді
Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдардың білім саласындағы қызметін үйлестіру мен әдістемелік басшылықты жүзеге асыру мақсатында биылғы 5 маусым мен 5 шілде аралығында білім басқармаларының қызметіне кешенді зерделеу жүргізеді. Бұл туралы білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің басшысы Ернұр Дәуенов мәлімдеді.
Зерделеу тек білім басқармаларының жұмысын қамтиды, сәйкесінше балабақшаларға, мектептерге, колледждерге және басқа да білім беру ұйымдарына бару көзделмейді.
«Зерделеудің негізгі мақсаты білім беру жүйесінің дамуын тежеуші факторларды және үздік өңірлік тәжірибені анықтау болып табылады. Сондай-ақ зерделеу барысында Министрліктің комитеттері мен департаменттерінің мамандары және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері әдістемелік көмек көрсетеді.Зерделеу жүргізу үшін өңірлік басқармалар қызметінің барлық бағыттарын қамтитын арнайы өлшемшарттар әзірленді. Іс-шараның қорытындысы бойынша өңірлердің білім беру жүйесін жетілдіру және олардың қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар беріледі», - дейді комитет басшысы.
Ернұр Дәуеновтің айтуынша, білім басқармаларын зерделеуге мұғалімдер немесе білім беру ұйымдарының басшылары тартылмайды. Білім беру ұйымдары үшін жазғы демалыс уақыты басталды, мұғалімдер бекітілген кестеге сәйкес кезекті демалысқа шығады. Қорытынды емтихандардан кейін де педагогтердің заңды еңбек демалысына шығуына ешбір кедергі болмауы керек.