Қомақты қаржы бөлінсе де тұрғындар сапалы суға зәру
Бүгінде су тапшылығынан қазақстандықтар ауылдан қалаға көшіп жатыр. Бұл туралы Сенат депутаты Талғат Жүнісов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенатор депутаттық сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады. Оның айтуынша, Ақмола облысының Егіндікөл ауданындағы халықтың саны соңғы 10 жылда 3 есе азайған. Ауылдағы су тапшылығы – халықтың қалаға қоныс аударуына себеп болған.
Сондай-ақ Нұра су құбырынан су алатын Қорғалжын және Атбасар аудандарының тұрғындары да су тапшылығына тап бола бастады. Тіпті, су құбырларының жиі бұзылуы салдарынан аудан тұрғындары бірнеше апта бойы сусыз қалып отыр. Бүгінде 12 ауыл суды орталық су құбырынан алады, ал 4 ауыл тек жеткізілетін суға зәру.
50 жылдан бері көп өңірге қызмет етіп келе жатқан су құбырының бүгінде сау жері қалған жоқ. Мамандардың айтуынша, құбырдың 90%-ға жуығы шіріп, қаусап тұр. 2014 жылы су құбырын жөндеу үшін 400 млн теңге бөлінген. Бірақ әлі күнге дейін жұмыстар дұрыс жүргізілмей, Нұра топтық су құбыры ауыз суды жеткізуге қауқарсыз болып отыр.
Облыстық және аудандық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлініп, су құбыры ішінара жөнделгенмен, мәселе шешілер емес. Ақмола облысы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі мен экологиялық тұрғыдан маңыздылығын ескеріп, су құбырларын жаңарту мәселесін қарастыруға ықпал етуді өтінеміз», - деді Талғат Жүнісов.