Балалар Ақорданы аралады
Олардың арасында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері болды
Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің барлық өңірінен келген 70-ке жуық оқушыға «Ақорда» резиденциясында экскурсия ұйымдастырылды.
Олардың арасында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері болды. Соның ішінде Астана қаласының тұрғыны, 1-сынып оқушысы Асылтас Саяділ Ақорданы аралап көргісі келетінін айтып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазған болатын.
Аталған іс-шара аясында оқушылар резиденцияның бірінші қабатындағы Орталық салтанатты холл мен ресми қабылдаулар өткізуге арналған «Салтанат» залын, түрлі жиындар өтетін «Шығыс», «Мрамор», «Алтын» «Доғал» және басқа да келіссөздер залдарын тамашалады, сондай-ақ кітапхананы аралап көрді.
Бұдан бөлек, оқушылар еліміздің бас ғимараты туралы қызықты деректермен танысты.