×

«Қазатомөнеркәсіп» директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен кетті

Еліміздегі ең үлкен уран кеніші сатылып, қазаққа көк тиын түскен жоқ, - деді Мәжіліс депутаты

 Дастан Жұмабекұлы 01.06.2023 | 15:57
фото: atomic-energy.ru

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның тәуелсіз директоры – директорлар кеңесінің төрағасы Нил Лонгфеллоу қызметінен кететінін хабарлады.

Бұл мәліметті «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы растады.

«Қазатомөнеркәсіп ұлттық атом компаниясы» АҚ Нил Лонгфэллоу мырзаның 2023 жылғы 21 маусымнан бастап компанияның директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры – төрағасы қызметінен кету туралы шешімі туралы өтінішін қабылдағаны туралы хабарлайды, –  делінген компанияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Еске сала кетсек, бұған дейін Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса «Буденовское» мен Степногорск тау-кен химия комбинатының шетелдік компанияға сатылып кеткені туралы: «Еліміздегі ең үлкен уран кеніші сатылды. Қазаққа көк тиын түскен жоқ» деген мақала жазып, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Ол әлеуметтік желіде де  үлкен қолдауға ие болды.

Кен орнын сату жөніндегі келіссөздер мен мәміле – аса құпия, ең бастысы, оның нақты иесі – Қазақстан халқынан жасырын түрде өткен. Ресей миллиардері Анисимов пен қазақстандық олигарх Клебановқа 1,6 миллиард долларға бағаланған кен орнын сатудан түскен 1 миллиард 200 миллион доллардан Қазақстан қазынасына түк те жоқ, тіпті салық ретінде де көк тиын да түспеген. Халық тағы да өз қазынасынан қағылды! – деп жазды Қазыбек Иса.

Оның айтуынша, бұл мәміле туралы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының қаржылық есептері жарияланғаннан кейін ғана белгілі болған.

Өткен аптада «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлердің жылдық жалпы жиналысының күн тәртібіне енгізілген негізгі мәселелер бойынша сырттай дауыс беру нәтижелерін жарияланып, 2022 жылға компания 200 миллиард теңгеден аса дивидент төлейтіні хабарланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама