Таэквондодан ӘЧ: Нұрбек Ғазез қарсыласын нокдаунға түсірді
Ертең даянға Рита Бакишева (46 келі) мен Жавохирхон Исламов (54 келі) шығады
Бүгін Әзербайжанның Баку қаласында өтіп жатқан таэквондодан XXVI әлем чемпионының төртінші жарыс күні өтіп жатыр. Жарыс жолына ұлттық құрама сапынан Нұрбек Ғазез (63 келі) бен Ракони Бимырза (+73 келі) шықты, деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Нұрбек Ғазез бразилиялық Эдуардо Бареттаны ұтып, жекпе-жекті жақсы бастаған еді. Ол қарсыласына жойқын соққылар жасап, нокдаунға түсірді. Алайда екінші айналымда қазіргі әлем чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, қытайлық Лян Юшуайдан ұтылып қалды. Олар осыған дейін Ломмель қаласында өткен Бельгия ашық чемпионатында кездескен еді. Сол кезде қытайлық басым түскен. Сондай-ақ Лян Юшуай былтыр құрлық чемпионатында тағы бір отандасымыз Әділет Базарбаевты ұтып, финалға шыққан.
Ал аса ауыр салмақтағы Ракони Бимырза бірінші айналымда Еуропа чемпионы, Гран-при бәсекесінің екі дүркін жеңімпазы, польшалық Александра Ковальчукке қауқар таныта алған жоқ. Есеп – 0:2.
Ертең даянға шығатын таэквондошылар арасында қазақстандықтардан Рита Бакишева (46 келі) мен Жавохирхон Исламов (54 келі) бар.
Жалпы, биылғы додаға 145 елден мыңға тарта таэквондошы жиналды. Мұнда әлем чемпионы 140 балл алса, күміс жүлде үшін 84, қола жүлдеге 50 ұпай беріледі.