×

Қазақстандықтарды алдаумен айналысқан украиндық қылмыстық топ жойылды

IP-телефонияны пайдаланумен байланысты 34 млн алаяқтық қоңырау бұғатталды

 Динара Амантай 01.06.2023 | 09:37
Фото: gov.kz

Былтыр банк қызметкерлерінің атынан жасалған телефон алаяқтықтарына қатысты 3 600 қылмыс анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ішкі істер министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, Ксеll, КаР-Тел, Altel және Теle2 ұялы байланыс операторларының антифрод-жүйелерінің дерекқорларын біріктіруді ұйымдастырды. Қабылданған техникалық шаралар қазақстандық абоненттік нөмірлерге халықаралық трафик арқылы өтетін фрод-қоңырауларды тануға және бұғаттауға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде былтырғы 6 айда 19 млн алаяқтық қоңырау бұғатталды, ал биыл анықталған қоңыраулар 15 млн-нан асады. Осындай қылмыстар жасауға қатысы бар адамдарды анықтау, оның ішінде «call-орталықтар» деп аталатын қызметті бейтараптандыру және жолын кесу бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Мәселен, өткен жылы ел аумағында интернет-алаяқтық кезінде ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан 5 трансұлттық қылмыстық топ анықталып, жолы кесілді. Былтырғы желтоқсанда Украинаның ұлттық полициясымен бірге Днепропетровск облысының аумағында арнайы операция жүргізілді. Соның нәтижесінде қазақстандықтарды алдаумен айналысқан Украинаның 32 тұрғынынан тұратын қылмыстық топ жойылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде IP-телефонияны пайдаланумен байланысты телефон алаяқтығының саны 2 есе төмендегенін атап өткен жөн.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама