«Елорда жастары» бағдарламасымен өтініш тапсыру басталды

Дастан Жұмабекұлы

Оған Астана қаласының әкімдігі мен «Отбасы банкі» 3 млрд теңге бөлген

фото: ашық дереккөз

«Елорда жастары» бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау басталды. Бағдарламаға жасы 35-ке дейінгі мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, мәдениет, спорт, әлеуметтік және коммуналдық қызметкерлер қатыса алады, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Бағдарламаны іске асыруға Астана қаласының әкімдігі мен «Отбасы банкі» 3 млрд теңге бөлген. Бұл қаражат бағдарламаның 200-ге жуық қатысушысына жетеді. Несие мөлшерлемесі – 5% және ең жоғары сомасы 18 миллион теңге болады. Өтініш qatysu.zhilfond.kz сайтында қабылданады. Бұл үшін электронды цифрлық қолтаңба керек. Үміткерлер балл жүйесімен іріктеледі, – делінген хабарламада.

«Тұрғын үй қоры» КММ-ның хабарлауынша, бағдарламаға қатысушы Астана қаласында кем дегенде кейінгі бір жыл ішінде тұрақты тіркеуде болуы қажет. Әрі жұмыс өтілі бір жылдан кем болмауға тиіс.

Сонымен бірге, «Отбасы банкінде» сатып алатын баспана құнының 10 пайызы, яғни 1 млн 800 мың теңге алғашқы жарнасы бар депозиті болуы керек. Өз атында баспанасы бар адамдар бағдарламаға қатыса алмайды.

Егер отбасында бірнеше мүгедек болса, онда оның әрбіріне балл есептеледі. 60 күннің ішінде пәтер алып үлгермесе, кезектегі балы төмен адамға мүмкіндік беріледі.