Halyq Uni логотип
×

Қаскелеңнің қақ ортасымен 200-ге жуық жылқы айдап өткендердің кім екені белгілі болды (ВИДЕО)

Бұл жайтқа қатысты Алматы облысы полиция департаменті пікір білдірді

 Халық үні 31.05.2023 | 22:31
Қаскелеңнің қақ ортасымен 200-ге жуық жылқы айдап өткендердің кім екені белгілі болды (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде Алматы облысы Қаскелең қаласында көше бойымен 200-ге жуық жылқыны айдап өткендер анықталып, жауапкершілікке тартылды. Бұл туралыАлматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Желіде Алматы облысы Қаскелең қаласында көше бойымен шауып бара жатқан үйір-үйір жылқының видеосы тарады.

Видео авторы кадр сыртында таңғалысын жасырмайды.

«Қаскелеңнің басты көшелерінің бірі. Бұлардың бәрі кімдікі? Қандай әдемі, құлындарымен бірге шауып бара жатыр», - дейді автор.

Бұл жайтқа қатысты Алматы облысы полиция департаменті пікір білдірді.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 30 мамырда әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында Қаскелең қаласының көшелерінің бірінде 200-ге жуық жылқы жүріп өткені туралы видео анықталған.

«Қарасай ауданы аумағында Жамбыл ауылы жағынан Алматы-Екатеринбург бағытындағы автокөлік жолымен оңтүстікке қарай 200-ге жуық жылқы айдалған. Жылқылар Қаскелең қаласындағы Асқаров көшесінен оңтүстік бағытқа мал жайылатын жерге бара жатқан», - дейді облыстық полиция департаменті өкілдері.

Аталған дерек бойынша әкімшілік іс аудандық полицияда тіркелген.

«Іздестіру жұмыстары барысында Қарасай ауданы полиция басқармасы ЖПҚБ қызметкерлері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабы 1-бөлігі (ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу), сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы 1-бөлігі (аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзу) бойынша үш азаматты анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты», - дейді полиция өкілдері.

Сондай-ақ полиция құқық бұзушылармен бұдан былай мұндай фактілерге жол бермеу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама