Оған өз елінде іздеу жарияланған
Қарағанды полицейлері есірткі сатумен айналысқан Ресей азаматын қолға түсірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қарағанды қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қаладағы гараждардың аумағынан 24 жастағы азамат ұсталды. Ол өз еркімен ұнтақ тәрізді ақ түсті заты бар 18 орамды берді. Ұсталған азамат осыған дейін бірнеше жерге есірткі жасырып үлгергенін мойындады. Оның айтуымен оқиға орындарына жүргізілген тексеріс жұмыстары барысында полиция қызметкерлері тағы 32 орам ақ түсті ұнтақ заттарды тәркіледі.
Күдікті есірткі сатумен айналысып жүргенін мойындады. Ол өзінің Ресей азаматы екенін және бұл «жұмысқа» әлеуметтік желі арқылы орналасқанын айтты. Сараптама қорытындысына сәйкес, Ресей азаматынан тәркіленген заттың 30,1 грамм есірткі екені белгілі болды, – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында ұсталған азаматқа Ресей Федерациясында есірткі сатқаны үшін іздеу жарияланғаны анықталды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.