Ақмола облысында 60-тан аса шетелдік көлік есепке заңсыз тұрғызылған
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 30 жастағы жігіт анықталды
Ақмола облысында полицейлер 500 млн теңгенің заңсыз есепке қою деректерін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мамырдың ортасында Ақмола облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Ақмола облысының «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» ҰАҚ ішкі қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жалған құжаттарды пайдалану арқылы шетелден жеткізілген 62 автокөлікті есепке заңсыз қою деректерін анықтады. Келтірілген залал – 500 млн теңге.
Аталған дерек ҚР ҚК 385-бабының 3-бөлігі бойынша («Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, мемлекеттік пошта төлемі белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 30 жастағы жігітті анықтады. Бұл іс экономикалық тергеу департаментіне жолданды. Полицейлер тексеруді жалғастырып жатыр.