«АлматыЭнергоСбыт» компаниясының қызметкері бірнеше ауылдың ақшасын жымқырған
Алматы облысының тұрғыны ақшаны өз қажетіне жұмсаған
Алматы облысында «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-ның қызметкері 4 жыл бойы ауыл тұрғындарының ақшасын жымқырып келген.
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, ол 2019 жылдан 2022 жылға дейін, өкілеттігі болмаса да Алматы облысының Қараой, Қуат және Өтеген батыр ауылдарының тұрғындарына жалған түбіртектер беріп, энергия тұтынғаны үшін төлем алып, түскен ақшаны өз қажетіне жұмсаған.
Өзінің қылмыстық әрекеттерін жасыру үшін ол деректер базасына әріптестерінің логиндері мен парольдерін пайдалана отырып, жалған мәліметтер енгізген. Сотқа дейінгі тергеу барысында ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті аталған ауылдардың 150-ден аса тұрғынын электр энергиясынан ажыратуға жол бермеуге, сондай-ақ 16 млн теңгеге жуық залалды өтеуге шара қолданды, – делінген хабарламада.
«АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-ның азаматтармен жұмыс жөніндегі инженері сотта алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.