Шілдеден бастап әлеуметтік төлем артады
Биыл елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 1,3 млрд теңгеден аса қаражат төлеу қарастырылған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған азаматтарға 2003 жылдан бастап біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.
2003-2022 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңге көлемінде біржолғы ақшалай өтемақы төленді. Өтемақы мөлшері – 2 588 теңге мен (3/4 АЕК) 345 мың теңге (100 АЕК) аралығында. 2023 жылға республикалық бюджетте аталған мақсаттарға 768 мың теңге қарастырылған, – деп хабарлады ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Абдырахманова.
Бұдан басқа, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлерге әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлеріне қарамастан 1,07 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2023 жылы – 3 692 теңге) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
«2005 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде республикалық бюджеттен 15,5 млрд теңге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2023 жылы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 1,3 млрд теңге жоспарланған. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 28 316 жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен азамат арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алды, – деді Айнұр Абдырахманова.
Сонымен қатар, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны Әлеуметтік кодекс шеңберінде арттырылған жаңа 1,23 АЕК (2023 жылы – 4 244 теңге) мөлшерде алады.
Ақталған азаматтардың, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған, мүгедектігі бар немесе зейнеткер адамдардың бірінші кезекте:
- бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және мәжбүрлеп психиатриялық мекемелерде емдеуде болған уақытының 3 есе мөлшерінде зейнетақы алу үшін қатысу өтіліне есептелуіне;
- оларға ыңғайлы уақытта кезекті еңбек демалысын алу, сондай-ақ жылына екі аптаға дейінгі мерзімге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алу;
- телефондарды бірінші кезекте орнату;
-Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастыру, оларда толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұру;
- протездік-ортопедиялық бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз ету;
- оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алуға құқығы бар.
Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша саяси қуғын-сүргіндерге ұшыраған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақталған адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету жөнінде жергілікті бюджеттер есебінен қосымша шаралар белгілеуге құқылы.
Жыл сайын Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетеді.
Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 3 828 азаматқа 3 692 теңгеден 30 мың теңгеге дейінгі мөлшерде 48,6 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.