Бүгін – Қазақстан тарихындағы қасіретті күндердің бірі
Мәжіліс депутаттары жұмысын бір минут үнсіздікпен бастады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
31 мамыр – Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Нәубет жылдары ұлт тарихындағы қасіретке толы, ең ауыр кезеңдердің бірі. Сондықтан біз сол жылдары құрбан болған боздақтарымызды бір минут үнсіздікпен еске алайық, - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Еске сала кетсек, Кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясаты салдарынан миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, тұтас халық қудалауға түскен еді. 1921-1954 жылдар аралығында КСРО-да «антисоветтік» деген жаламен 3 млн 777 мың адам сотталса, олардың 642 мыңы ату жазасына кесілді. «Халық жауларын анықтау» саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталған, олардың 25 мыңы ең жоғары үкім – ату жазасына кесілді.
Қуғын-сүргін құрбандарының жақындары да қатаң саясаттың зардабын тартты. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды.
Сондай-ақ 31 мамыр – қазақ даласында ашаршылықтан қаза тапқандарды да еске алу күні. 20-жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан, әсіресе, қазақ халқы қатты зардап шекті. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранының салдарынан Қазақстанда 40 млн-нан аса мал басы қырылды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады.
Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 млн-ға жуық адам қайтыс болды. Кейбір деректер бойынша 2 млн адам аштықтан көз жұмған, ал 200 мың қазақ басқа мемлекеттерге көшіп кетті. Кейбір ауылдар түгелімен жоқ болды.