×

Шілдеден бастап электр энергиясын бірыңғай сатып алушының моделі іске қосылады

Ол электр энергиясын сатып алу және сату кезінде алыпсатарлық операцияларды болдырмайды

 Динара Амантай 31.05.2023 | 09:58
Фото: tolqyn.kz

Қазақстанда 1 шілдеден бастап электр энергиясын бірыңғай сатып алушының моделі іске қосылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов мәлімдеді.

Электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу және сату моделін енгізу елдің энергиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дереу реттеуді талап ететін және электр энергетикасы саласын реформалау көзделген бірқатар мәселелерді шешуге бағытталған.

Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы саладағы қалыптасқан жағдайды, атап айтқанда, жүйедегі жоспарлы теңгерімсіздіктерді, электр энергиясының болжамды тапшылығын, энергия өндіруші ұйымдардың әртүрлі тарифтеріне байланысты бәсекелестіктің тең емес жағдайларын және генерациялаудың жаңа көздерін, оның ішінде ЖЭК салу жөніндегі жоспарларды ескере отырып енгізіледі.

Бірыңғай сатып алушының ұсынылған моделі электр энергиясын бір орталықтан сатып алу және сатуға мүмкіндік береді деп күтіледі.

Сондай-ақ оның мынадай тиімді тұстары бар:

- электр энергиясын сатып алу және сату кезінде алыпсатарлық операцияларды болдырмау;

- өнімсіз делдалдарды қысқарту;

- электр станцияларының техникалық мүмкіндіктері негізінде тәуліктік графиктерді қалыптастырудан тұтынушылардың нақты графиктеріне кету есебінен шектес энергия жүйелерімен шекарадағы электр энергиясы ағындарының мемлекетаралық сальдосының ауытқуын барынша азайту;

- жаңадан іске қосылатын генерациялау көздерінің жоғары тарифтерін және тапшылық кезінде импорттық электр энергиясының бағаларын, жұмыс істеп тұрған станциялардың ағымдағы тарифтерін теңестіруді қамтамасыз ету, сондай-ақ болашақта өңірлер арасында электр энергиясының тарифтерін теңестіруді іске асыру.

Бірыңғай сатып алушының моделін енгізу 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап жоспарланып отыр, - деп түйіндеді сөзін Жандос Нұрмағанбетов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама