Ресейде партизандардың қатары көбейіп жатыр (ВИДЕО)

Дастан Жұмабекұлы

Біз енді шаруамызды бастаймыз! – деп мәлімдеді бет-ауызын тұмшалап алған адамның бірі

фото: ашық дереккөз

Ресейдің Белгород облысында бет-ауызын тұмшалап, әскери киінген бір топ ер адам орман арасында өздерін партизандардың қатарына жатқызып, РФ халқына үндеу жолдады.

Реселіктер, біз сіздерге үндеу жолдағымыз келеді. Біз – Ресейді денацификация және демилитаризация жасау үшін Украиндағы соғыс майданынан келген орыстың диверсанттарымыз! Сіздер айналамызда не болып жатқанын көріп отырсыздар. Бұл – өзгерістің басы ғана. Өздеріңіз көріп отырғандай, бізге сіздердің шекара бекеттеріңізді айналып өтуге ешқандай кедергі болған жоқ, шекарадан оңай өтіп жатырмыз. Ешкім сіздердің қауіпсіздіктеріңізді ойлап отырған жоқ екен. Сондықтан Ресей шекарашыларының бізге жағдай жасап жатқанына, әрине, рахмет айтамыз.  

Бейбіт халыққа айтарымыз, үйде тып-тыныш отырыңыздар! Ешқайда шықпай, үйде болыңыздар. Ал қолдарына қару ұстаған адамдар қаруды тастап, біздің жаққа өтіңіздер. Ісіміз бәрімізге сәтті болсын! Біз енді шаруамызды бастаймыз!» – деп мәлімдеді олардың бірі.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Украинадағы соғыста РФ басқыншыларына қарсы соғысып жатқан «Ресей ерікті корпусы» ұйымы мен «Азат Ресей» легионының сарбаздары Белгород облысына басып кіріп, екі селосын бақылауға алған еді. Олар шекараның екі жерінен жарып өтіп, Ресей армиясының таңдаулы топтарын ығыстырып шығарып, Горький және Щетиновка елді мекендерінде төбе көрсетіп, артқа қайтқан болатын.