Таэквондодан ӘЧ: Жансель Дениз жүлдеге қол созым жерде сүрінді
Ертең татамиге Нұрлан Мырзабаев (80 кг), Смайыл Дүйсебай (87 кг) мен Ботакөз Қапанова (49) шығады
Бүгін Әзербайжанның астанасы – Бакуде өтіп жатқан таэквондодан XXVI әлем чемпионының екінші жарыс күні татамиге ұлттық құрама сапынан Самирхон Абабакиров (58 кг), Нұрай Құсайынова (67 кг) мен Жансель Дениз (73 кг) шығып, ешқайсысы жүлделі орынға жете алмады, деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Тәжірибелі Жансель Дениз Грекия құрамасының осы салмақтағы көшбасшы Анастасия Делидимитрис пен испаниялық Белен Моран Ромероны таза ұтып, ширек финалға шыққан. Бұл кезеңде ол Полина Ханнан (Ресей) жеңіліп, жүлдеге бір табан жетпей қалды. Ал Самирхон Абабакиров алжирлік Саиф Меджахед пен америкалық Уильям Каннингемнен басым түсті. Өкінішке қарай, үшінші айналымда отандасымыз осы салмақтағы әлемдік рейтингтің көшбасшысы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері тунистік Мұхаммед Халил Жендубиден жеңілді.
Нұрай Құсайынова португалиялық Мафальда Коельо мен чехиялық Ивета Жиранкованы жеңіп, бәсекені сенімді бастаған. Осыдан кейін оның жолын 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, жастар арасындағы әлем чемпионы франциялық Магда Виет-Энен кесті.
Ертең Баку даянгына Нұрлан Мырзабаев (80 кг), Смайыл Дүйсебай (87 кг) мен Ботакөз Қапанова (49) шығады.
Жалпы биылғы додаға 145 елден мыңға тарта таэквондошы жиналды. Биылғы дода Халықаралық таеквондо федерацясының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Алдағы аптада мұнда Париж Олимпиадасына қажет ұпайлар сарапқа салынады. Бұл спортта рейтингі ең жоғары бәсеке – Олимпия ойындары (G20). Одан кейін әлем чемпионаты (G14), Гран-придің финалы (G10) мен Гран-при санатындағы жарыстар (G6) тұр. Әлем чемпионы 140 балл алса, күміс жүлде үшін 84, қолаға 50 ұпай беріледі.