Алматы прокуратурасы қала қонақтары мен тұрғындарына үндеу жасады

Халық үні

Алматы қаласында қандай да бір бейбіт жиналыстар өткізуге келісім берілмеген

Фото: google.com

Әлеуметтік желілерде 31 мамырда жергілікті атқарушы органдармен келісілген митингілер мен шерулерге қатысу туралы жалған хабарламалар мен арандатушылық үндеулер кеңінен таралуда. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Алматы қаласы пркуратурасы хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, бұл күндері Алматы қаласында қандай да бір бейбіт жиналыстар өткізуге келісім берілмеген.

Осыған байланысты, жалған хабарламалармен жарияланған акцияларды ұйымдастыру және оларға қатысу, сондай-ақ оларға шақыру заңсыз болып табылатынын ескертеміз.

Өкінішке орай, митингілерді немесе өзге де бейбіт жиналысты өткізудің заңды тәртібін бірнеше рет түсіндіруге қарамастан, оны бұзу тоқтар емес.

«Бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібі 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңмен (бұдан әрі - заң) бекітілгеніне назар аударамыз. Тиісінше, Заң талаптарын бұза отырып өткізілетін митингілерді, шерулерді, жиналыстарды немесе демонстрацияларды ұйымдастыру және оларға қатысу (Заңның 3 - бабының 3-тармағы) Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 488-бабы бойынша жауаптылыққа, оның ішінде 25 тәулікке дейін қамаққа алу шарасына әкеп соғады. Заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа берілмеуге және заңсыз акцияларды, оларға жария түрде шақыруларды ұйымдастырудан және оларға қатысудан бас тартуға шақырамыз», - делінген хабрламада.

Құқық қорғау органдары белгіленген құқықтық тәртіпке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтардың жолын кесіп, кінәлі адамдарға заңда көзделген барлық шараларды қабылдайтын болады.