×

Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге тағы 1,7 млрд теңге берілді

3,5 млн еуроға көмек көрсетілді

 Дастан Жұмабекұлы 30.05.2023 | 11:46
фото: ашық дереккөз

Түркияның оңтүстік-шығысында ақпан айының басында болған жер сілкінісінен зардап шеккендерге «Евразия» СК жалпы сомасы 3,5 млн еуро немесе теңгеге есептегенде 1,7 млрд теңгеден аса төлем жасады.

Атап өтетін жайт, зардап шеккен аудандардағы үйлердің жартысы Түркиядағы жер сілкінісінен міндетті сақтандыру бағдарламасы (TCIP) арқылы сақтандырылған. Аталған бағдарлама бойынша шығын 29 млрд түрік лирасынан асып кетті. Оның ішінде 22 млрд-қа жуық түрік лирасын қайта сақтандыру бағдарламасы бойынша халықаралық сақтандыру компаниялары төледі.

Қазір сақтандырушы компаниялар табиғи апаттың кесірінен мүлкіне зиян келген сақтанушылардан 491 мыңға жуық өтініш алған. 362 мыңнан аса үйге аса қатты зақым келмеген. Оларды қайта жөндеуге болады. 36 мыңға жуық үйге қатты зиян келген. Дегенмен оларға да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 93 мыңнан аса үй толығымен қирап қалған.

Түркия Үкіметінің ақпаратына сәйкес, 8 мыңнан аса ғимарат, оның ішінде тұрғын үй толығымен сүріліп тасталды.

Өкінішке қарай, мұндай жойқын апаттан халық қатты жапа шегеді. Түркиядағы жер сілкінісі 50 мыңнан аса адамның өмірін қиды. Алайда миллиондаған адам әлі де тұрмысын түзеп, үйлерін қайта тұрғызып, оқуын, жұмысын жалғастыра алады. Біз түрік халықының бұрынғы өміріне тезірек қайта оралуына жағдай жасау үшін төлемдерді тез арада жасауға дайынбыз, – деді «Евразия» СК басқарма төрағасының орынбасары Нұрмұхамед Төлбаев.

Оның айтуынша, «Евразия» СК Түркиядағы жер сілкінісінен міндетті сақтандыру TCIP, сондай-ақ тұрғын және коммерциялық мүлікті ерікті сақтандыру бағдарламаларына қатысады. «Евразия» СК Түркиядағы жер сілкінісі бойынша қайта сақтандыру келісімшарттарының резерві 11,2 млн еуро немесе 5,3 млрд теңге болатынын жеткізді.

Дәл қазір түркиялық сақтандыру компанияларынан келіп түскен өтініштердің 57%-ы іске асты. Сақтандыру төлемдері бірнеше жылға созылуы мүмкін. Түркия Үкіметінің есебі бойынша, жер сілкінісінен кейінгі зардап 103 млрд еуро немесе ЖІӨ-нің 9%-ы болып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама