Прокуратура «Алматы су» мекемесіне 2,3 миллион теңгеге айыппұл салды

Қымбат Елтайқызы

Мекеме Табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзған

фото: Halyq Uni

Прокурорлар «Алматы су» кәсіпорны қызметіндегі бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Бұл туралы Алматы қаласы Жетісу ауданының прокуроры Сәкен Өтемұратов.

Оның айтуынша, 2019 жылдың 24 маусымында Ұлттық экономика министрлігі сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсетуге үлгілік шартты бекіткен. Оған сәйкес, монополистерге шартта көзделмеген қосымша талаптарды белгілеуге тыйым салынады.

Алайда прокурорлық талдау нәтижесінде, жария шарттың кейбір талаптары үлгілік шартқа сәйкес келмеген және тұтынушылар құқығы бұзылған. «Алматы су» сумен жабдықтауда тұтынушылар кінәсінен проблемалар болса да, азаматтар мен заңды тұлғаларды қызмет ақысын төлеуге міндеттеді, - делінген прокурордың жазбасында.

Сонымен қатар, жеке деректерді қорғау туралы заңнаманы бұза отырып, осы шарт кәсіпорынға тұтынушылардың жеке деректерін жинау, өңдеу, сақтауға және оларды шарт талаптарын орындау мақсатында мемлекеттік емес органдар мен ұйымдарға таратуға мүмкіндік бергені айтылды.

«Жетісу ауданы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша, осы заңбұзушылықтар жойылды, 514 мың тұтынушымен жария шарт заңға сәйкес келтірілді. Табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзғаны үшін «Алматы Су» ШЖҚ мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 164-бабы 4-бөлігі бойынша 800 АЕК (2 333 600 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.